Исатай Қият
Исатай Қият (?? — 1337) — Алтын Орданың мемлекеттік қайраткері, 1313-1322 жылдары төрт қарашы бектің бірі және 1322-1337 жылдары Өзбек ханның беклербегі.
Исатай Қият | ||
Лауазымы | ||
---|---|---|
| ||
1322 — 1337 | ||
Ізашары | Құтлұқ-Темір | |
Ізбасары | Моғұл Бұқа | |
Өмірбаяны | ||
Дүниеге келуі | 1260-1270 | |
Қайтыс болуы | 1337 | |
Династия | Қият | |
Балалары | Жыр-Құтлық, Әлібек | |
өңдеу ![]() |
Өмірбаяны
Шыққан тегі
Исатай Қият тайпасынан шыққан Бұралдайдың (Бату ханның әмірі) ұлы немесе немересі болса керек. Ал Бұралдайдың шыққан тегі мынадай - әкесі Көке-Ноян (Шыңғыс ханның бауыры), атасы Мүңгіту-Қиян (Шыңғыс ханның көкесі), арғы атасы Бартан (Шыңғыс ханның атасы).
Қарашы бек атануы
1312 жылы Алтын Орда ханы Тоқта, Хулагуидтермен шайқастан кейін шекаралас жерлерде әскербасы қылып немере інісі Өзбекті қалдырып, Орда астанасы Сарайға қайтады. Алайда қайтар жолда Тоқта хан кенеттен қайтыс болады. Ордада орын алған құрылтайда Тоқтаның екінші ұлы Түк-Бұқа ұйғыр әмірі Маджимен (Бажир) бірігіп, Тоқта ханның немересі бас мұрагер Исан-Бұқаны мойындамай, хандық орынға таласа бастайды. Осы кезде Өзбек құрылтайға қатысу үшін Сарайға бара жатқан еді. Құрылтайда жүрген Өзбектің нағашысы Құтлұқ-Темір, Исатайды жіберіп, Өзбекке қастандық дайындалып жатқанын хабарлайды. Құрылтайға Исатай Қият пен Алатай Сиджут бастаған 40 мыңдық әскермен келген Өзбек, Түк-Бұқа мен ұйғыр Маджидті (Бажир) өлтіреді. Осы қантөгістен кейін Тоқтаның әйелі Баялұн мен Құтлұқ-Темір, қалған әмірлер мен рубасыларын көндіріп, құрылтайда Өзбек – хан болып сайланады.
Өзбек хан атанған соң билікке үміткерлерге қарсы шара қолданып, мемлекетті басқаруда түбегейлі өзгерістер енгізе бастайды. Өзгерістердің негізгісі – Алтын Орданың 18 ұлысын басқарған Жошы ұрпақтарынан билікті тартып алып, ұлыстарды төрт қарашы бек пен 23 ұлыс бегіне таратып беру еді. Хан, бектерді «қара сүйек» өкілдерінің арасынан жеке өзі тағайындайтын, және олардың Жошы ұрпақтарынан басты айырмашылығы – ешқайсысы хан болып сайлануы мүмкін емес, сондықтан жоғарғы билікке үміткер емес еді. Өзбек өзінің туысы Құтлық Темірді Орданың беклербегі етіп тағайындап, Қият тайпасынан шыққан Исатайды, Сиджут тайпасынан шыққан Алатайды және өзінің бала күнгі досы Қоңырат тайпасынан шыққан Нанғұдайды қарашы бектері етіп қояды.
Өзбек хан құрылтайға қатысқан төрелердің барлығын ұлыстарына кетпестен бұрын тұтқындап, Исатай Қияттың билігіне тапсырады. Бұл әрекет уақтылы жасалып, келешек елді басқарудағы өзгерістер үшін өте тиімді болды. Өйткені барлық қарсыластары бір жерде жиналған және Өзбек ханнан қуғын-сүргін күтпегендіктен әскерсіз еді. Өзбек билік үшін ең қауіпті және беделді деген Жошы ұрпақтарының көзін бірден жойды. Дереккөздер 20-дан 120-ға дейін ханзаданың өлтірілгенін айтады. Бірінші санға сенетін болсақ, құрылтайға қатысқан ұлыс басшылары түгелдей жойылған көрінеді. Өзбек хан қырылған төрелердің орнына тайпа көшбасшылары мен беделді өкілдерін ұлысбегі етіп тағайындайды. Бұл Алтын Ордадағы аймақтық сепаратизмді уақытша басып, орталық билікті нығайтуға көмектесті. Исатай Қият осы кезде Қырым мен Солтүстік Қара теңіз аймағын өз бақылауына алады.
Осыдан кейін Өзбек хан Исатайға Шибан әулетіне екі ұлыс бөліп беруді бұйырады. Бұл олардың орталық билікке адалдығы және ел басқарудағы өзгерістер мен Орданы исламдандырудағы қолдауы үшін алғысы еді. Сөйтіп, Шибанның ұрпағы Маңғытай Өзбек хан кезінде өзінің ұлысын сақтап қалады. Елу жылдан кейін Өзбек әулеті қырылып біткеннен кейін Ордадағы жоғарғы билікке Маңғытайдың ұлы Қызыр таласа бастайды.
Беклербегі лауазымында
1320-1321 жылдары Хорасанға қарсы сәтсіз жорықтан кейін, басқа да әскери сәтсіздіктерге ұшыраған (мысалы 1315 жылғы Хорезмдегі Баба Оғұлдың көтерілісін баса алмау) Құтлұқ Темір беклербегі қызметінен босатылады. Бірақ үлкен беделі мен ханға туыстығының арқасында Хорезм билеушісі және төрт қарашы бектерінің бірі болып қала береді. 1322 жылы Алтын Орданың жаңа беклербекі болып Исатай Қият тағайындалады. Ол кезде Исатай ханның күйеу баласы дәрежесінде еді. Өзбек ханның қызы Иткүшікке үйленіп, Өзбекке тиісінше өз қызы Урдужайды күйеуге шығарған.
Алтын Ордадағы жетістіктерінен кейін, Өзбек Жошы Ұлысының шығыс қанатына да өз реформаларын тарата бастайды. Бұған Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнің ұрпақтары — Ақ Орда деп аталатын Алтын Орданың шығыс қанатының билеушілері қарсы болады. Орда-Ежен ұрпақтарының бірі Мүбәрәк-Қожа 1328-1329 жылдары Өзбекке қарсы көтеріліс жасап, жеңіліске ұшырап, Орда иелігінен қашқан соң, Өзбек хан Ақ Орданы Исатай Қияттың қол астына береді.
1337 жылы қайтыс болған Исатай, өмірінің соңына дейін Ақ Орданың билеушісі және Өзбек ханның адал беклербегі болып өтеді.
Ұрпақтары
Ақ Орда әмірі лауазымы Исатайдың ұлы Жыр-Құтлұққа, одан кейін 1361 жылға дейін билік еткен оның ұлы Теңіз-Бұқаға мұрагерлік жолмен өтті. 1361 жылы Алтын Орданың шығыс қанатындағы билікті Ұрыс хан тартып алады.
Исатай ұрпағының тағы бір тармағын Алтын Орданың батыс бөлігінің атақты билеушісі, Исатайдың немересі Мамай басқарған. Мамайдың әкесі Әли (Әліш/Алаш) Бек біраз уақыт Қырымның ұлысбегі болған.
Дереккөздер
wikipedia, wiki, кітап, кітаптар, кітапхана, мақала, оқу, жүктеу, тегін, тегін жүктеу, мобильді, телефон, android, ios, apple, мобильді телефон, ПК, веб, компьютер, Исатай Қият туралы ақпарат, Исатай Қият дегеніміз не? Исатай Қият нені білдіреді?
Жауап қалдыру
Пікірталасқа қосылғыңыз келе ме?Қатысуға еркін болыңыз!