Ешкіөлмес петроглифтері
Ешкіөлмес петроглифтері – Жетісу облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер, жартасқа таңбаланған суреттер.

Орналасқан жері
Жетісу Алатауының Ақсу ауданы жеріндегі тұтас бір сілемі Ешкіөлмес жотасы бойында орналасқан.
Тарихи деректер мен зерттелуі
Ешкіөлмес петроглифтері Қазақстан территориясында орналасқан әйгілі ескерткіштер ретінде «ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар» тізімінің «Аралас (Мәдениет+Табиғат) санатына» 1998 жылы 28 қыркүйекте А. Марғұлан атындағы археология Институтының ұсынысымен ұсынылған.
Аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын – жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Қола дәуірінің 4000-нан астам петроглифтер жақсы сақталған. Жартастағы суреттер көне дәуір тұрмысының майда-мүйдесіне дейін: киімдері, құрал-саймандары туралы мәлімет береді.
Ешкіөлмес жартас суреттері аса көрнекті ескерткіші 1982 жылы Талапты ойпатының батыс бөлігінен кездескен болатын және оны қазақстандық археологтар А. Н. Марьяшев, А. Е. Рогожинский, А. А. Горячев және басқалар көп жылдар бойы зерттеген еді. Осы зерттеулердің арқасында, Ешкіөлмес петроглифтері мен Көксу алқабының ескерткіштері әлемдік мұра ретіндегі құндылығы айқындалды.
Ешкіөлмес атауы Қазақстан топонимикасында кеңінен тараған; малшы қазақтар жыл бойы жайылымға жарайтын жерді әдетте осылай атай береді. Ешкіөлмес тауының табиғи құрылысы асимметриялы: солтүстік беткейі жазықтау, қалың шөп басқан төбешіктері аз; оңтүстік беткейі тік, терең, тар жартасты сайлар тізбектеліп жатады, мал жаюға да, қоныстап отыруға да жайсыз, жағдайсыз. Осы сусыз сайлардың бастауында, жотаның суайырығында көшпенділер қоныс теуіп, қысқы суық желдерден қорғанған.
Мұнда археологтар көне, ортағасырлық және XVII–XX ғасырлар бас кезеңіндегі көшпенділердің – ойраттар мен қазақтың Ұлы жүзінен тараған албандар мен жалайырлардың тұрақтарын тапты. Айналадағы жартастарға шегілген рулық таңбалар, суреттер мен жазулар Көксу алабын мекендеп, бірін-бірі ауыстырған көшпенділердің бейбіт өмірінің және күрестерінің шежіресі ретінде қызмет етеді.
Б. з. д. II мыңжылдықта Көксудың оң жақ жағасын және оның көп санды тармақтарын бойлай қоныстаған қола дәуіріндегі андронов мәдениетінің малшы-егінші тайпалары алқаптың көне тұрғындары болды. Әсіресе Ешкіөлмес тауларының оңтүстік етектері көп қоныстанды, онда үлкен қоныстар мен қорымдар табылған. Ол тайпалардың шаруашылық салтын, қарапайым егін шаруашылығымен, ірі қара және ұсақ мал өсірумен, дамыған мыс қорытумен айналысқандарын қоныстардан және қорымдардан табылған олжалар растап отыр. Бұл алқапты мекендеушілер өмірінде аңшылық та елеулі рөл атқарғаны қазу кезінде табылған жабайы аңдардың сүйектерінен, арнаулы аңшылық құралдарынан (жебенің сүйек ұштығы, сақпан) ғана емес, сондай-ақ жартастағы суреттерден айқын көрінеді.
Петроглифтер сипаты мен кезеңдері
Қазақстандағы петроглифтер көп шоғырланған ең ірі орындардың бірі осы Ешкіөлмес тауы: мұнда қола дәуірінен ба-стап ХХ ғасырға дейінгі уақытты қамтитын он мыңдай жартас нақыш өрнегі бар. Петроглифтер кеңістікте орналасуы жағынан бір қарағанда ретсіз, әр жерде шашылып жатқан сияқты көрінеді, ал шындығына келгенде, ландшафттың қандай да бір телімдерінің әртүрлі тарихи кезеңде атқарған қызметінің мәніне байланысты белгілі бір ережеге бағынады. Мәселен, Ешкіөлместің таулы аймағындағы көшпенділер қоныстарына жақын орналасқан әдеттегі жартасқа қашалған суреттер қарабайыр және мазмұны жағынан бірыңғай шағын сериялы болып келеді; мұнда қола дәуірінің петроглифтері аз немесе мүлде жоқ деуге болады.
Ешкіөлмес петроглифтері тасқа шеку (пикетаж) немесе ою, нақыштау арқылы түсірілді, алайда бейнелердің едәуір бөлігі аралас техникамен жасалынды. Ескерткіштің бұл өзіндік ерекшелігі көбінесе жергілікті жартас жынысының өзіндік сипатына байланысты болды. Беті көгілдір қара қабатпен жабылған айнадай тегіс ұсақ түйіршікті құмдақ көне заманда да, ортағасырларда да, жаңа дәуірде де әдемі, нәзік суреттер салуға мүмкіндік беретін нағыз керемет материал қызметін атқарған. Шеку техникасын меңгеру мен оларды кеңінен пайдалану суретшілерге шынайы заттардың көптеген детальдарын (құрал, киім, ат әбзелдері) өте дәлдікпен бейнелеу мүмкіндігін берді, оларды артефактілермен салыстыру петроглифтердің өзі қай заманның туындылары екенін анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Қола дәуірі суреттері
Қола дәуіріндегі гравюралар (б. з. д. XIV–IX ғғ.) тасқа салынған суреттердің ең көп тобын құрайды, бірақ мұның өз ішінде стилі, техникасы және репертуары бойынша ерекшеленетін бірнеше уақыт кезеңіне тән бейнелер сериялары өзгешеленіп көрінеді. Бұл айырмашылықтар осында мекен еткен тайпалардың жартасқа сурет салу шығармашылығының эволюциялық өзгерістерімен ғана байланысты емес, сондай-ақ мәдени жаңалықтармен және сол кездерде Жетісуға басқа өңірлерден келген көші-қон әсеріне де байланысты болды. Мәселен, Ешкіөлмес пен Шыбынды тауларының етегіндегі қоныстар мен қорымдардан табылған материалдарды зерттегенде, олардың ішінде Оңтүстік Сібірдің кейінгі қола дәуірінің еловтық мәдениетіне жататын қыш үлгілері мен металл бұйымдары (әйел әшекейлері, жебенің ұшы) болды. Өз кезегінде, Ешкіөлмес петроглифтерінің кейбір топтамасының Таулы Алтай мен Батыс Моңғолия жартас өнер ескерткіштерімен көркемдік ұқсастықтары бар.
Қола дәуіріндегі Ешкіөлмес және Жетісудың, Қазақстанның оңтүстігінің, Батыс Тянь-Шаньның көптеген басқа да ескерткіштеріндегі жартастық өнер тақырыбы көп ретте бір-біріне ұқсас және б. з. д. II мыңжылдықтың екінші жартысында Орталық Азияның таулы белдеуінің осы аймағында болған тарихи-мәдени үдерістердің ортақтығын көрсетеді.
Ешкіөлмес петроглифтерінің ерекшелігі тайпалар арасындағы қақтығыстарға, мал мен Көксу алқабы тәрізді құнарлы жерлер үшін болатын күрестерге толы мазасыз кездердің рухын беретін ұрыс-керістердің, малын айдап кетудің және т. б. сюжеттердің басымдылығы болып табылады. Жауынгерлік екі аяқты күйме арбалар және найзамен, қорамсақ толы жебесі бар садақпен, шоқпармен немесе сақпанмен (тас лақтыратын құрал) қаруланған жауынгерлердің аса көп бейнелері – Ешкіөлмес жартастарындағы қимылға толы суреттердегі ең сүйікті кейіпкерлер.
Қола дәуіріндегі петроглифтердің ең аз дегенде екі тобы ерекшеленіп көрінеді, алдыңғы кезеңдегі жартастағы бейнелерді жаппай қайта жасау олардың пайда болуымен байланысты. Мұнда ескі суреттер дөрекі өзгертіліп, оның алғашқы түрі мен тұтас композицияның мазмұнын өзгертетін детальдар қосылды.
Ешкіөлмес жартастарында бейнеленген құбылыстар тек Көксу алқабының ертедегі тұрғындары өмірінің эстетикалық немесе идеялық жақтарын қозғап қана қоймайтын белгілі бір тарихи қақтығыстарды да бейнелейді. Осы уақыттың петроглифтері арасында, сірә, мифологиялық мазмұндағы сюжеттер мен қиял-ғажайып кейіпкерлердің бейнелері де аз емес: жануарлармен қоршалған немесе екі аяқты күйме арбалардың үстінде келе жатқан "күн басты" антропоморфты пішіндер немесе "алыптарды" атып тұрған садақшылар т. б.
Алғашқы темір дәуірі суреттері
Уақыт жағынан петроглифтердің келесі бір тобының дүниеге келуі алғашқы темір дәуіріне жатады және өздерінің тақырыптық, көркемдік ерекшеліктерімен айқын көрінеді; сол кездің көптеген суреттері өнердегі үздік туындылар болып табылады. Б. з. д. I мыңжылдықтағы ертедегі көшпенділердің жартастағы сурет өнерінің қола дәуіріндегі отырықшы егіншілер мен малшылардың петроглифтерінің мазмұнынан айырмашылығы "аңшылық стильдің" ерекше бейнелеу мәнерімен берілетін жабайы жануарлар образы басым болып келеді; тіпті аңшылық көріністерде антропоморфтық бейнелер композицияның екінші қатарын құрайды. Бейнелеу шығармашылығының идеялық мазмұнының терең өзгеріске түсуінің басты себептерінің бірі жабайы табиғатты бағындырып алумен бірге жүретін көшпелі малшылардың қалыптасу кезеңінде аңшылықтың қоғамдық рөлінің өсуінен болуы мүмкін. Осымен бір мезетте жартасқа сурет салу өнерінде салт атпен жүру тақырыбы біртіндеп орнығып келе жатқаны көрінеді.
Ортағасырлық суреттер
Көшпенділердің жартасқа сурет салу өнеріндегі батырлық тақырып ортағасырлық петроглифтерде барынша толық ашылады, олардың ішінен көне түркі дәуірінің (VI–VIII ғғ.) және кейініректегі IX–XII ғасырларға жататын бейнелер ерекшеленіп көрінеді. Жартастағы суреттер мазмұнын ат жарыстары мен жаяу атқыштар соғысы, көшпенді өмір сюжеттері, сондай-ақ аңшылық көріністері, оның ішінде көшпенділердің б. з. д. І мыңжылдықтағы әскери қоғамында ерекше маңызды болған ұжымдық қаумалап ұстау көріністері сипаттайды. Ешкіөлместің ортағасырлардағы тасқа сурет салу стилін оны осы дәуірдің жартаста сурет салу өнері берілген Жетісудың басқа ескерткіштері арасында айырықша етіп көрсететін реализм мен экспрессия ерекшелейді.
Жаңа дәуір кезеңі
Жаңа дәуірдің және қазіргі заманның суреттері петроглифтердің салыстырмалы түрде шағын ғана тобын құрайды. Олардың ішінде үлкен қызығушылық тудыратындары – XVII–XVIII ғасырларда жоңғарлар үстемдік еткен кезеңдегі бейнелер мен жазулар, сондай-ақ XIX–ХХ ғасырлар басындағы қазақ халық суреттері мен жазулары. Олардың репертуары салт аттылардың, үй жануарлары мен жабайы аңдардың бейнелері, сонымен қатар аң аулау көріністерінде оқ-дәрі қарулармен бірге жебе мен садақ арқылы көрінеді, киіз үйлер мен ру таңбаларының бейнелері сирек кездеседі.
Көксу алабында археологиялық ландшафты қалыптасуының соңғы кезеңі кеңестік кезеңмен байланысты бұл кезде жер пайдаланудың дәстүрлі жүйесі түбегейлі бұзылған болатын. Пайда болған колхоздардың жер өңдеуге мамандануы Ешкіөлмес таулы аймағының бұрынғы шаруашылық мәнін жоюға және сонымен бірге мұнда ХХ ғасыр соңғы көшпенділердің тұрақтары қаңырап босауына алып келді.
Петроглифтерден көріністер
- Күйме арба кескіндемесі. Қола дәуірі.
- Садақшы мен «дәудің» кескіндемесі. Қола дәуірі.
- Жануарлар мен ту ұстаған салт аттының бейнесі. Қола дәуірі, ортағасырлар.
- Бұғы мен текенің бейнесі. Ерте темір дәуірі.
- Ерте темір дәуірі және ортағасырдың бейнелері.
- Қасқыр бейнесі. Ерте темір дәуірі.
- Қыран бейнесі. Ерте темір дәуірі.
- Садақшы мен қасқыр бейнесі. Ерте темір дәуірі.
- Шайқастан көрініс. Ерте темір дәуірі.
- Қасқыр бейнесі. Ортағасырлар.
- Садақшы бейнесі. Ортағасырлар.
Дереккөздер
- World Heritage Center: The Criteria for Selection
- Petroglyphs of Eshkiolmes - UNESCO World Heritage Centre
- Petroglyphs of Eshkiolmes - UNESCO World Heritage Centre
- АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4
wikipedia, wiki, кітап, кітаптар, кітапхана, мақала, оқу, жүктеу, тегін, тегін жүктеу, мобильді, телефон, android, ios, apple, мобильді телефон, ПК, веб, компьютер, Ешкіөлмес петроглифтері туралы ақпарат, Ешкіөлмес петроглифтері дегеніміз не? Ешкіөлмес петроглифтері нені білдіреді?
Жауап қалдыру
Пікірталасқа қосылғыңыз келе ме?Қатысуға еркін болыңыз!