Есік обасы
Есік обасы – Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сақ дәуірінен сақталған ескерткіш (б. з. б. V-IV ғасырлар).


Орналасқан жері
Еңбекшіқазақ ауданы орталығы Есік қаласының оңтүстік-батыс шетінде, Есік өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Зерттелуі, обалар сипаты
1969-70 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы (жетекшісі К. Ақышев, мүшелері Б. Нұрмұханбетов, А.Г. Максимовалар) зерттеген.
Бұл маңдағы сақ дәуірінен сақталған обалар бірнеше топқа бөлінеді. Мұның ішінде ең көрнектісі – үлкен Есік қорымы. Қорым құрамында солтүстіктен оңтүстікке созыла 3 км² жерді алып жатқан 45 топырақ (диаметрі 30-90 м, биіктігі 4-15 м) оба бар. Арасынан алты үлкен оба қазылды, бұлардың қатты тоналған үшеуінен заттай дерек кездеспеген. Төртіншісінен үлкен төртбұрышты қабір ішіне басын батысқа қарата бірге жерленген екі адамның мүрдесі, темір түйреуіш, көптеген алтын жапсырмалар табылды. Есік обасы біздің заманымыздан бұрын V-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін аса көрнекті ескерткіш. Обадан табылған 4 мыңнан астам бұйымдардың көбі алтыннан жасалған.
Алтыншы оба – әлемдік маңызы бар “Алтын адамның” табылуы себепті ғылым мен мәдениетке “Есік обасы” деген атпен енді. Сақ ханзадасы диаметрі 60 м, биіктігі 6 м обаның астындағы шырша бөренелерден жасалған ағаш қабірге қойылған. Мұның өзі бүйірдегі қосымша қабір, ал негізгі қабір толығынан тоналып кеткені анықталды. Ханзада 4 мың алтын әшекей тағылған киімімен, қару-жарақ, ыдыс-аяғымен жерленген.

Күміс тостағанға түсірілген 26 таңбалы жазу қазір “Есік жазба ескерткіші” деген атпен белгілі және мұның әліпбилік жазу екендігіне күмән келтірілмейді.
Солтүстік-батысқа таман орналасқан тағы бір обаның диаметрі 58 м, биіктігі 4,5 м. Қазу барысында обаның бірнеше рет кезектесіп қаланған тас және топырақ қабаттарынан тұратыны, сондай-ақ, тоналғандығы да анықталды. Үлкен қабірдің аумағы 5,1х2,3 м, тереңдігі 1,8 м. Тонау кезінде біршама бүлінген қабір ішінен кішірек жұқа алтын жапсырмалар, күміс сырға, қыш ыдыстар және қоладан құйылған ғұрыптық ыдыс табылды. Сирек кездесетін мұндай ыдыс Жетісуда тұңғыш рет кездесті, ол конус пішіндес аласа тұғыр мен жайпақ тостағаннан тұрады. Ғұрыптық жораларды өткізу кезінде сақтар осындай ыдысқа хош иіс шығаратын заттарды жағып түтіндетіп қоятын болған. Есік обасы сақ кезеңінің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көрсететін ерекше ескерткіштерге жатады.
Табылған заттар стилі және маңызы

Заттар - өнер жіетістіктері
Есік қорғанын қазу кезінде табылған заттар – өнердің әр түрі бойынша жеткен жетістіктердің кешені деуге болады. Металл, ағаш, қымбат тастарды өңдеу, тері илеу менәрлеу, тоқу, әшекейлеу дегендердің бәрі мұнда бар. Сонымен, мәселен, есіктік бұйымдардың көпшілігі – металдан құю, штамптау, өрнек салу, дөңгелек мүсін түрінде нақыштау, горельеф (шығыңқы мүсін), барельеф (батырып түсірілген мүсін) және жазық силуэттік бейне техникасымен жасалған бұйымдар. Ежелгі шеберлер металл бұйымдарын өңдеуде басқа металлдарды да кеңінен қолданды, оны ағашпен, былғарыны матамен, әртүрлі металдарды өзара араластырып құрастыра да білді.
Есік олжалары өнердегі аң стилінің шығуы мен оның арғы отаны туралы мамандардың көп жылғы дауына жаңасерпін берді. Палеометалл дәуірі мен одан бұрын да Еуразия аумағында осы стильде жасалған бұйымдар белгілі болатын. Жекелей алғанда, Сібір мен Қазақстанның андроновтық тайпаларына сүйекке мыс пен қоланы балқытып құю арқылы бейне жасау жақсы таныс болатын. Мұндай техникамен, Мыңшұңқыр моласындағы алтынмен қапталған, біреуінің ішкі бүкпесіне аттың алтыннан құйылған екі құймағы дәнекерленген екі үлкен қола сырға жатады. Сырғалар б. з. д. XII-X ғасырларғы жатқызылады.
Патша қорғандарының шоғырлануы

Б. з. д. VII–V ғасырлар өнердегі аң стилінің дамуына еуразиялық тайпалардың қосқан үлесі шектен тыс мол бол-ды, сол себепті Еуразия скифтік-сібірлік аң стилінің отанына айналды. Осы тұрғыдан келгенде Есік қорғанынан табылған сақ өнерінің тамаша үлгілерінің үлкен кешені – дүниежүзілік алтын қорға қосылған мол үлес болып саналады.
Тұтастай алғанда, Жетісу биіктігі 18-20 м жететін патша қорғандарының шоғырлану, саны жағынан өте ғажап археологиялық өңір болып табылады. Мұндай монументалды "сақ пирамидалары" қоғамның әр мүшесінің мүрдесінің үстіне тұрғызыла бермейді, олар ат төбеліндей ерекше билік иелеріне ғана тиесілі. Мыңдаған кішкене үйінділермен салыстырғанда үлкен қорғандардың аз болуы, сөз жоқ, қоғамның екі топқа – артықшылыққа ие болған азшылық пен артықшылықтан жұрдай көпшілікке бөлінуін көрсетеді. Мұндай әлеуметтік теңсіздіктің басы кейінгі қола дәуірінде-ақ – б. з. д. II мыңжылдықтың екінші жартысының аяғына қарай қалыптасқан деп есептеген жөн.
Олжалар маңыздылығы
Есік қорғанынан шыққан олжалар кешені Жетісудағы сақтар қоғамдық құрылысының әлеуметтік деңгейін айқын көрсететін аса маңызды қосымша материалдар берді. Есік көсемінің алтынға малынған киімдері сыртқы көрінісін ғана көрсетіп қоймай, әлеуметтік мазмұнды молырақ паш етіп тұрғанына шүбә келтіруге болмайды.
Киімінің басты мәні патшаның жеке басын асқақтатып көрсету, оның күн келбетті құдіретін дәріптеу болды.
Бас киімдердің сәндеу заттарындағы зооморфтық бейнелердің діни-идеологиялық мазмұны бұл жағдайды растай түседі. Есік көсемінің бас киіміндегі қанатты және мүйізді аттардың бейнесінде сақтардың көзқарасында орныққан көптеген ерекшеліктердің күрделі символикасы көрініс тапқан. Көптеген тайпалардың діни көзқарасында жылқы күннің, күн құдайының символын көрсетеді. Есіктік бас киімдегі ат тауешкінің үлкен мүйізімен бейнеленген, яғни күн құдайының бейнесі мен рулық тотемнің ұштасуын символдап көрсеткен. Символы жағынан Алтайдағы Пазырық мәдениетіне жататын қорғандардан шыққан олжаларға жақын.
Есік қорғанының ашылуының маңызы бұл жерден жазуы бар күміс тостағанның табылуына байланысты одан ары өсуде. Кез келген қоғамда жазудың болуы мемлекеттің пайда болуымен, әлеуметтік-экономикалық ұйымдардың жоғарғы деңгейде екендігімен дәлелденеді. Сақ мәдениетіндегі археологиялық мәліметтер мен дереккөздерді бағалай келе, К. Ә. Ақышев бүгінгі қазақ жеріндегі сақтар өз мемлекетін қалаған деп есептеді.
Дереккөздер
- Қазақ энциклопедиясы
- Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3
- АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 1 т.–584 б., карталар, суреттер. ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-216-0
wikipedia, wiki, кітап, кітаптар, кітапхана, мақала, оқу, жүктеу, тегін, тегін жүктеу, мобильді, телефон, android, ios, apple, мобильді телефон, ПК, веб, компьютер, Есік обасы туралы ақпарат, Есік обасы дегеніміз не? Есік обасы нені білдіреді?



Жауап қалдыру
Пікірталасқа қосылғыңыз келе ме?Қатысуға еркін болыңыз!